Тәрбиешілердің кәсіби қарым-қатынасын нығайту, көңіл күйін көтеру, ұжымдық бірлік пен белсенділікті арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тренинг барысы: 1. «Танысу» тренингі. 2. «Актёр» (көңілді көңіл күй) тренингі. 3. «Кім жылдам?» тренингі. 4. «Еңбекке баулу» тренингі.

1. «Танысу» тренингі

Балабақшадағы жұмыс балалармен танысудан басталады. Бала өзін еркін сезінуі үшін тәрбиеші онымен дұрыс қарым-қатынас орната білуі қажет. Сондықтан тренингті қатысушылардың өзара танысуынан бастаймыз.

Мақсаты: Қатысушылардың бір-бірін жақынырақ танып-білуіне мүмкіндік жасау.

Өтілу барысы: Қатысушылар дөңгелек шеңбер құрады. Әрқайсысы өз есімін айтып, бойындағы өзіне ұнайтын бір жағымды қасиетін атайды. Мысалы: «Менің есімім – Айгүл. Мен мейірімді мінезімді ұнатамын». Соңында бір-біріне: «Сізбен танысқаныма қуаныштымын!» – деп жылы лебіз білдіреді.

2. «Актёр» (көңілді көңіл күй) тренингі

Тәрбиеші әртүрлі көңіл күйдегі балалармен жұмыс істейді. Сондықтан баланың эмоциясын түсініп, сабыр сақтай білуі маңызды. Бұл жаттығуда қатысушылар өздерін актёр ретінде сынап көреді.

Мақсаты: Шығармашылық қабілеттерді дамыту, өзара қарым-қатынасты нығайту.

Қажетті зат: Ойыншық домбыра.

Өтілу барысы: Қатысушылар бес топқа бөлінеді. Әр топқа бір жанр беріледі: жылау, күлу, мұңаю, қуану немесе қырсығу. Топтар берілген көңіл күйге сай домбырамен ән немесе өлең орындайды. Мысалы: «Аю отыр партада, екі қолы қалтада. Апай сабақ сұраса, ұйықтап қалыпты, масқара!» Соңында қатысушылар әсерлерімен бөліседі.

Талқылау: Қай жанр қызықты болды? Қайсысы қиындық тудырды? Тәрбиеші баланың көңіл күйіне қарай өзін қалай ұстауы керек?

3. «Кім жылдам?» тренингі

Балабақшада тәрбиеші шапшаңдықты, ұйымшылдықты және дұрыс шешім қабылдауды қажет ететін түрлі жағдайларға тап болады. Бұл ойын қатысушылардың белсенділігі мен топпен жұмыс істеу қабілетін арттырады.

Мақсаты: Ұжымшылдыққа, жылдамдыққа және бірлесіп әрекет етуге баулу.

Қажетті заттар: 2 шар, 10 бір реттік стақан, 2 үстел.

Өтілу барысы: Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әр үстелге бес стақаннан пирамида түрінде қойылады. Әр топтың қатысушысы шарды жоғары лақтырып, стақандарды бір-бірден жинайды және шарды жерге түсірмеуге тырысады. Тапсырманы бірінші аяқтаған топ жеңімпаз атанады.

Талқылау: Топпен жұмыс істеу қалай әсер етті? Қандай қиындық болды? Жеңіске жетуде бірліктің маңызы қандай?

4. «Еңбекке баулу» тренингі

Балаларды еңбекке баулу – тәрбиешінің маңызды міндеттерінің бірі. Қарапайым материалдардан әдемі бұйым жасау арқылы балалардың шығармашылығын дамытуға болады.

Мақсаты: Шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, бірлесіп еңбек етуге баулу.

Қажетті заттар: Ақ парақтар, түрлі түсті қағаздар немесе қағаз қиындылары.

Өтілу барысы: Қатысушылар екі-екіден қарама-қарсы тұрып, ақ парақты ұстайды және бір-біріне жылы тілектер айтады. Кейін қағазды бірнеше бөлікке бөліп, жоғары лақтырады. Қатысушылар екі топқа бөлініп, қағаз қиындыларынан ою-өрнек құрастырады. Әр топ өз жұмысын таныстырып, таңдаған оюының мағынасын түсіндіреді. Соңында қағаз қалдықтарын шығармашылықпен пайдаланудың маңызы талқыланады.

Тренингті қорытындылау

Барлық жаттығулар аяқталған соң қатысушылар алған әсерлерімен бөліседі.

Қорытынды сұрақтар: Бүгінгі тренинг ұнады ма? Қай жаттығу ерекше әсер қалдырды? Қандай жаңа ой түйдіңіз? Бұл тапсырмаларды балалармен жұмыс барысында қалай қолдануға болады?

Қорытынды сөз: «Балаға берілетін ең үлкен сыйлық – оның өзін маңызды, сүйікті және қауіпсіз сезінуі. Ал сол сезімді қалыптастыратын жандардың бірі – тәрбиеші. Сондықтан әр күніміз мейірімге, жылулыққа, ізгілікке толы болсын!»

Тренингке белсенді қатысқандары үшін барлық қатысушыларға алғыс айтылып, шағын сыйлықтар табысталады.

Жадыра АУЕЛБЕК,

«Аянат-сұлу» бөбекжай-балабақшасы.

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ.