Img 20261014 W A0260

Қазіргі кезде экология мәселесі барған сайын күрделеніп барады. Ауаның ластануы, қоқыстың көбеюі, су ресурстарының азаюы — бүгінгі қоғам жиі кездесетін мәселелердің бірі. Біз бұл проблемаларды күнделікті өмірде көріп жүргенімізбен, оның қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететініне әрдайым мән бере бермейміз. Кейде көшеде жатқан бір бөтелке немесе жерде қалған қоқыс үлкен мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ осындай әрекеттер күн сайын қайталана берсе, оның табиғатқа тигізетін зияны да көбейе түседі.

Қазақстан үшін экологиялық мәселелердің бірі — су ресурстарының жағдайы. Арал теңізінің тартылуы табиғатқа ғана емес, сол аймақтағы халықтың өміріне де әсер еткен үлкен мәселе болды. Бұл жағдай табиғи ресурстардың қаншалықты маңызды екенін және оларды дұрыс пайдаланудың қажет екенін көрсетеді. Су — адам өміріне ғана емес, жануарлар мен өсімдіктерге де қажет негізгі ресурстардың бірі. Сондықтан суды үнемдеу және оны ластамау әр адамның күнделікті әдетіне айналуы керек.

Экологияны қорғау тек мемлекетке немесе арнайы мамандарға байланысты емес. Кез келген адам ең алдымен өзінен бастай алады: қоқысты арнайы жәшікке салу, суды үнемдеу, аулаға немесе ортақ алаңдарға қоқыс тастап кетпеу — қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың қарапайым жолдары. Кішкентай әрекеттердің өзі үлкен өзгеріске бастай алады. Мысалы, бір адам қоқыс тастамаса, бұл бір қарағанда өте аз нәрсе сияқты. Бірақ мұны көп адам әдетке айналдырса, көшелер мен аулалардың тазалығы да өзгереді.

Экологиялық мәселелерді шешу үшін адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту де маңызды. Бұл туралы мектептерде көбірек айтылып, түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылуы керек. Әлеуметтік желілерді де осы мақсатта пайдалануға болады. Себебі қазіргі жастар ақпараттың көп бөлігін интернеттен алады. Экология туралы пайдалы ақпаратты тарату арқылы адамдардың назарын осы мәселеге аударуға болады.

Сонымен қатар қоқысты сұрыптауға жағдай жасау, қоғамдық орындарға жеткілікті қоқыс жәшіктерін орналастыру және табиғатты қорғауға арналған жобаларды көбейту қажет. Мұндай жұмыстар адамдарға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға көмектеседі. Бірақ жағдай жасалғанымен, оны дұрыс пайдалану әр адамның өзіне байланысты.

Табиғатты қорғау үлкен істерден ғана тұрмайды. Кейде қарапайым нәрселердің өзі маңызды болады: суды босқа ағызбау, жарықты қажетсіз жақпау, табиғатқа шыққанда қоқысты жинап кету немесе ағаштарды сындырмау. Осындай әдеттер адамның күнделікті өміріне біртіндеп қалыптасса, қоршаған ортаға да пайдасы тиеді.

Менің ойымша, экология мәселесін кейінге қалдыруға болмайды. Табиғатқа келтірілген зиянның барлығын бірден қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан әр адам өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Бүгін табиғатты қорғауға көңіл бөлсек, ертең оның нәтижесін өзіміз де, кейінгі ұрпақ та көре алады.

Табиғат — біздің өміріміздің бір бөлігі. Таза ауа, таза су және таза қоршаған орта әр адамға қажет. Сондықтан табиғатты қорғау бір адамның немесе белгілі бір ұйымның ғана міндеті емес. Бұл — бәрімізге ортақ жауапкершілігіміз екенін есте сақтайық!

Серикова Ақниет Бауыржанқызы

«Н.Төреқұлов атындағы №13 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің 

11″В» сынып оқушысы

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ