Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – білімді меңгерген ғана емес, алған білімін өмірде тиімді қолдана алатын, өз ойын еркін жеткізіп, ақпаратты саралай білетін тұлға қалыптастыру. Осы орайда бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту – мұғалім алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Оқу сауаттылығы дегеніміз – оқушының мәтінді дұрыс әрі түсініп оқуы ғана емес, оның мазмұнын ұғынуы, негізгі ойын анықтауы, ақпаратты талдауы, өз пікірін білдіруі және оқығанын өмірлік жағдайларда қолдана білуі. Бұл дағды баланың білім алуына, ойлау қабілетінің дамуына және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына үлкен ықпал етеді.
Бастауыш мектеп – баланың оқу дағдысы қалыптасатын, танымдық қабілеті дамитын маңызды кезең. Әсіресе 2-сынып оқушылары үшін мәтінді түсініп оқу, оқиға желісін ретімен баяндау, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беру және өз ойын дәлелдеу дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан сабақ барысында дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар заманауи педагогикалық тәсілдерді тиімді пайдалану қажет.
Оқу сауаттылығын дамытудың тиімді әдістері
Бүгінгі таңда оқушылардың қызығушылығын арттырып, белсенділігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер аз емес. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.
1. «Болжау» әдісі
Бұл әдіс оқушының ойлау қабілетін дамытып, мәтінге деген қызығушылығын арттырады. Мұғалім мәтіннің тақырыбын, суретін немесе алғашқы сөйлемдерін көрсетіп, оқушылардан оның мазмұны туралы болжам жасауды сұрайды. Мысалы, «Мәтін не туралы болуы мүмкін?», «Оқиға қалай аяқталады деп ойлайсың?» деген сұрақтар арқылы балалар өз ойларын ортаға салады. Мәтінді оқып болған соң болжамдарының қаншалықты дұрыс болғанын салыстырады.
2. «Ойлан – жұптас – бөліс» әдісі
Бұл әдіс оқушыларды өз бетінше ойлануға, жұппен пікір алмасуға және ортақ шешім қабылдауға үйретеді. Мәтінді оқығаннан кейін мұғалім белгілі бір сұрақ қояды. Оқушы алдымен жеке ойланады, кейін жұбымен талқылайды, соңында сынып алдында өз жауабын ұсынады. Нәтижесінде балалар бір-бірін тыңдауға, өз пікірін дәлелдеуге дағдыланады.
3. «Сұрақтар шеңбері» әдісі
Оқушылар оқыған мәтіні бойынша бір-біріне сұрақтар қояды. Мысалы: «Мәтіндегі басты кейіпкер кім?», «Ол қандай әрекет жасады?», «Сен оның орнында болсаң не істер едің?». Бұл тәсіл мәтінді терең түсінуге, маңызды ақпаратты ажыратуға және сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.
4. Рөлге бөліп оқу және сахналау
Көркем шығармаларды кейіпкерлерге бөліп оқу балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Әр оқушы кейіпкердің көңіл күйін, мінезін дауыс ырғағы арқылы жеткізуге тырысады. Ал шағын көріністерді сахналау мәтін мазмұнын жақсы түсінуге, есте сақтауға және шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етеді.
5. Көрнекілік және цифрлық ресурстарды пайдалану
Қазіргі заман балалары ақпаратты тек мәтін арқылы ғана емес, сурет, бейне, аудио және интерактивті тапсырмалар арқылы да қабылдайды. Сондықтан сабақта электронды кітаптар, танымдық бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар мен онлайн викториналарды орынды қолдану тиімді. Мәселен, оқушылар бейнематериалды көріп, оның мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді немесе суреттер арқылы оқиға желісін құрастырады. Бұл тәсіл оқу үдерісін қызықты әрі мазмұнды етеді.
Оқуға деген қызығушылық – жетістікке бастар жол
Оқу сауаттылығын дамытуда оқушының жас ерекшелігін, қызығушылығын және жеке мүмкіндігін ескеру маңызды. Әр баланың оқу жылдамдығы мен мәтінді қабылдау деңгейі әртүрлі болғандықтан, тапсырмаларды да соған сәйкес түрлендірген жөн. Бір оқушыға мәтін бойынша қарапайым сұрақтар ұсынылса, екінші оқушыға негізгі ойды анықтау, оқиғаға баға беру немесе мәтінге өз бетінше тақырып қою тапсырмаларын беруге болады.
Сонымен қатар күнделікті өмірмен байланысты мәтіндерді пайдалану да үлкен нәтиже береді. Мысалы, хабарландыру, ертегі, шағын әңгіме, ас мәзірі, жол белгілері, қарапайым нұсқаулықтар мен ақпараттық мәтіндерді оқу арқылы балалар оқыған ақпаратын өмірде қолдануды үйренеді.
Ата-анамен бірлескен жұмыстың да маңызы ерекше. Баланың үйде кітап оқуына жағдай жасау, оқыған шығармасы туралы әңгімелесу, бірге кітап таңдау – оқу мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдары. Күн

сайын аз уақыт болса да кітап оқуға дағдыланған бала біртіндеп өздігінен ізденуге, жаңа ақпаратты қабылдауға үйренеді.
Мұғалімнің рөлі – бағыт беру және шабыттандыру
Бастауыш сынып мұғалімі үшін әр сабақ – оқушының бойындағы қабілетті ашуға берілген мүмкіндік. Оқушыны тек дұрыс оқуға үйрету жеткіліксіз, оны оқығанын түсінуге, сұрақ қоюға, ой қорытуға және өз пікірін айтуға баулу қажет. Осы мақсатта сабақ барысында қолайлы психологиялық орта қалыптастырып, әр баланың жауабын тыңдап, жетістігін бағалап отырған дұрыс.
Заманауи әдістерді тиімді үйлестіре отырып ұйымдастырылған сабақ оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оның дербес ойлауына, шығармашылық ізденісіне және коммуникативтік дағдыларының қалыптасуына жол ашады.
Қорыта айтқанда, оқу сауаттылығы – бастауыш білімнің берік іргетасы. Бүгінгі бастауыш сынып оқушысы ертеңгі саналы азамат, бәсекеге қабілетті маман. Сондықтан әрбір ұстаздың міндеті – шәкірттерін кітап оқуға баулу, білімге құштарлығын ояту және алған білімін өмірде қолдана алатын тұлға етіп тәрбиелеу.
«Кітап оқыған бала – ойы озық, дүниетанымы кең тұлға». Ендеше, жас ұрпақтың оқу сауаттылығын дамыту жолындағы ізденісіміз бен еңбегіміз әрдайым жалғасын таба берсін!
 
Автор: Усерова Анаргул Туякбаевна
Түркістан облысы, «С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «В» сынып жетекшісі