Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, ата-бабамыздың асыл мұраты, бүгінгі ұрпаққа қалдырған ең қымбат аманаты. Тәуелсіз ел болу – әрбір халықтың басты бақыты. Сондықтан біз үшін Қазақстанның егемендігі мен азаттығы баға жетпес байлық, орны толмас құндылық болып саналады.
Қазақ халқы азаттық жолында талай қиындықты бастан өткерді. Елінің ертеңі үшін күрескен батырларымыз бен қайраткерлеріміздің ерлігі, Желтоқсан оқиғасында қайсарлық танытқан жастардың батылдығы – тарихымыздың ұмытылмас беттері. Олардың арманы – ұрпағы еркін өмір сүретін, өз тағдырын өзі айқындайтын тәуелсіз мемлекет құру еді. Бүгінде сол арман орындалып, біз көк байрағы желбіреген, әлемге танылған Қазақстанда өмір сүріп келеміз.
Тәуелсіздік бізге тек еркіндік қана емес, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға мүмкіндік берді. Өз тарихымызды танып, мәдениетімізді дәріптеп, болашаққа нық қадам басуымызға жол ашты. Осындай мүмкіндіктерді бағалап, ел болашағына үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.
Мен бастауыш сынып мұғалімі ретінде тәуелсіздіктің қадірін жас ұрпақтың бойына сіңіруді өзімнің маңызды міндеттерімнің бірі деп білемін. Себебі Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет, туған жерге деген жанашырлық бала жүрегінде кішкентай кезінен қалыптасуы керек. Сабақ барысында оқушыларға Қазақстанның тарихын, мемлекеттік рәміздеріміздің маңызын, ұлттық дәстүрлерімізді түсіндіріп, елін сүйетін, білімді де саналы азамат болып өсуіне бағыт-бағдар беремін.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан әрбір баланың сапалы білім алып, жақсы тәрбие көруі тәуелсіз еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Біз шәкірттерімізге тек білім беріп қана қоймай, оларды адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені елдің ертеңі – білімді, тәрбиелі, өз Отанының тағдырына бейжай қарамайтын ұрпақтың қолында.
Тәуелсіздікті сақтау – оны алғаннан кем емес жауапты міндет. Ол үшін әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Ұстаз үшін бұл – сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу, шәкірттерінің жетістігіне жол ашу.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік – халқымыздың ең қастерлі қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын аманат. Оны құрметтеу, қадірлеу және нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, бейбіт аспанымыз ашық, бірлігіміз бекем болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын болғай! Автор:
Хамбарова Акмарал Аширбековна
Түркістан облысы, «С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сынып мұғалімі