«Білімдіге дүние жарық» деген қазақтың дана сөзі бар. Білімге құштар, талабы таудай жас ұрпақ өсіп келе жатқаны — еліміздің ең үлкен байлығы. Сол жарық жұлдыздардың бірі - біздің №39 «Асықата» жалпы білім беретін мектебіміздің мақтанышы, 3 А сынып оқушысы, жас математигіміз Алғыбай Айша. Айша- жай ғана үздік оқушы емес. Ол- сыныптастарының сүйіктісі, ұстазының үміті, ата-анасының қуанышы. Сабаққа деген ынтасы, әр нәрсенің түбіне жеткенше тынбайтын зеректігі оны құрбыларынан ерекшелеп тұрады. Кітап оқыса - жүрегімен оқиды, есеп шығарса - жүйрік ойымен ерекшеленеді. Оның көзіндегі жалын - білімге деген шексіз махаббаттың көрінісі.
Жақында ғана мектебімізде өткен республикалық «Алтын сақа» олимпиадасының мектепішілік кезеңінде Айша барлық қатысушылардан озып шығып, үздік нәтиже көрсетті. Бұл-кездейсоқ жеңіс емес, күнделікті тынымсыз еңбектің, табандылықтың жемісі еді. Тапқырлығы мен жылдам ойлау қабілетімен көзге түскен Айша аудандық кезеңге жолдама алды.
Ауданда да Айша сүрінген жоқ. Ауданның ең мықты деген оқушыларының арасында ол тағы да үздіктер қатарынан көрінді. Күрделі есептерді шешудегі сабырлығы, логикалық ойлау шеберлігі әділқазылар алқасын тәнті етті. Міне, осылайша кішкентай Айшамыз енді облыстық кезеңге жолдама алып, үлкен додаға аттанғалы отыр. Бұл - тек Айшаның ғана емес, бүкіл мектебіміздің, сыныбымыздың ортақ қуанышы!
Айшаның таланты бір ғана саламен шектелмейді. Ол- сандардың сырын меңгерген математик қана емес, сөздің құдіретін сезінетін нағыз өнерпаз. Мәнерлеп оқу сайыстарында өлеңді жүрегімен оқып, тыңдаушыны тебірентіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Сахнаға шыққанда бойындағы ұяңдық сейіліп, сөз өнерінің ханшайымына айналады. Даусындағы әуез, оқуындағы әсер - бәрі де Айшаның білімге деген құштарлығының, табандылығы мен ізденісінің жемісі.
Айшаның алдағы облыстық кезеңде жеңісті жолы ашық болсын. Алда - республика, одан кейін әлемдік додалар күтіп тұр десек, артық айтқандық емес. Өйткені мұндай зерек, алғыр, еңбекқор балалар — ертеңгі Қазақстанның болашағы.
Айша қызым!
Біз саған сенеміз! Облыста да абыроймен өнер көрсетіп, ауданымыздың, мектебіміздің атын асқақтатып қайтатыныңа сенімдіміз. Жолың ашық, жұлдызың жарық болсын!
_Айшаны тәрбиелеп отырған ата-анасына алғысымыз шексіз. Жеңісің құтты болсын, Айша!

Сынып жетекшісі: Оразбаева Асемкул Құлмаханқызы