Қай заманда да кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. «Кітап – жан азығы» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы қалыптасады, сөздік қоры молайып, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Кітап – адамды жақсылыққа жетелейтін, ізгілікке тәрбиелейтін, рухани кемелдендіретін құндылық.
Бүгінгі ақпараттық технологиялар дамыған заманда кітап оқудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық ақпарат көздері адамның уақытын көп алғанымен, кітаптың орнын алмастыра алмайды. Себебі кітап оқу – жай ғана мәтінді қабылдау емес, ол – ойлану, саралау, сезіну және өзіңді тану үдерісі.
Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі – кітап оқуға баулу. Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы ерекше. Бұл бастама қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
N77 жалпы білім беретін мектебінде де оқушылар мен ұстаздар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында көркем шығармаларды оқу, оқыған кітап бойынша пікір алмасу, әдеби кездесулер ұйымдастыру және оқырмандық белсенділікті арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Әсіресе, «12 айда – 12 кітап» бастамасы қатысушыларға әр ай сайын жаңа шығарма оқып, оның мазмұны мен идеясын терең түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай жобалар кітапты тек оқу құралы ретінде емес, рухани сұхбаттасушы, өмірлік бағыт-бағдар беруші ретінде қабылдауға үйретеді.
Қазақ әдебиетінің жауһар шығармалары – ұлт руханиятының алтын қазынасы. Абайдың даналыққа толы қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Дулат Исабековтің «Гауһартасы», Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы оқырманды терең ойға жетелейді. Әр шығарма адам бойындағы адамгершілік, мейірім, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді қасиеттерді бағалауға үндейді.
Менің ойымша, кітап оқитын мұғалім – оқушыға үлгі болатын мұғалім. Ұстаздың өзі ізденіп, оқып, білгенін өмірде қолдана білсе, оқушының да кітапқа деген қызығушылығы артады. Сондықтан кітап оқу – тек оқушының міндеті емес, ол әрбір адамның үздіксіз дамуының жолы.
Кітап оқуды балаға үйрету отбасынан басталуы тиіс. Үйінде кітап оқылатын, ата-анасы кітапты қадірлейтін ортада өскен бала да рухани құндылықтарды бағалай біледі. Мектеп пен отбасы бірлесе отырып, жас ұрпақтың бойында тұрақты оқу дағдысын қалыптастырса, нәтижесі де жемісті болмақ.
Қорыта айтқанда, кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, болашаққа бастайтын рухани шамшырақ. Кітап оқыған адам ешқашан рухани кедей болмайды. Ендеше, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырып, балаларымызға оқырмандық мәдениетті үлгі етейік!
Кітап оқитын ұлт болу – саналы ұрпақ, жарқын болашақ қалыптастырудың маңызды қадамы. Өйткені кітапқа жақын ұлттың рухы биік, ойы терең, болашағы кемел!

N77 жалпы білім беретін мектебі
Автор: Абсенова Гүлжахан Ескендербекқызы, ағылшын тілі пәні мұғалімі