Тәуелсіздік – кез келген халықтың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, болашаққа бастайтын сара жолы мен ең басты құндылығы. Биыл егемен еліміздің көк туы желбіреп, өз алдына дербес мемлекет атанғанына отыз бес жыл толып отыр. Осы мерейлі кезең ішінде Қазақстан талай тарихи белестерді бағындырып, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, іргесі берік, еңсесі биік мемлекетке айналды.
Тәуелсіздіктің 35 жылдық тарихы – бұл елдік пен ерліктің, татулық пен тұрақтылықтың шежіресі. Бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен келген осы ұлы мереке бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Егемендік алған алғашқы күннен бастап елімізде экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда ауқымды реформалар жүзеге асып, төл тарихымыз түгенделді. Ана тіліміздің мәртебесі артып, ұлттық салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Бүгінде Қазақстан – береке мен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігіне айналған қуатты ел.
Ұстаз ретінде мен үшін Тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі – білім беру саласындағы тың серпіліс пен жас ұрпаққа жасалған шексіз мүмкіндіктер. Бүгінгі қазақ мектебі – заманауи технологиялармен жабдықталған, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті тұлға тәрбиелейтін киелі орда. Мемлекетіміздің білім мен ғылымға деген ерекше қамқорлығы, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы ұстаздар қауымына зор шабыт пен сенім сыйлады. Қазіргі таңда шәкірттеріміз халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда топ жарып, көк байрағымызды әлемдік аренада биіктен желбіретіп жүр. Бұл – тәуелсіз елдің білім саласындағы жарқын табысының айқын дәлелі.
Білім берумен қатар, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру – біздің басты парызымыз. Себебі елін сүйетін, тарихын құрметтейтін, ата-баба аманатына адал жастар ғана Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі нығайта алады. Әрбір сабағымызда, әрбір тәрбие сағатымызда біз оқушыларға бейбіт аспанның қадірін, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындыруға тырысамыз. Ел болашағы – білімді де саналы жастардың қолында екенін әрдайым назарда ұстаймыз.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік – менің мақтанышым, асқар таудай тірегім, мәңгілік тұғырым! Отыз бес жылдық мерейлі белеске жеткен егемен еліміздің тұғыры қашанда биік, болашағы жарқын болсын! Ұстаздық жолдағы әрбір еңбегіміз Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен көркеюіне қосылған сүбелі үлес болып қала бермек.
Ниязбек Улдана Ырысқызы
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
№77 ЖББМ КММ