Қайырымдылық – адамгершіліктің асыл көрінісі

Қазақ халқы ежелден қайырымдылық пен жомарттықты, мейірімділік пен жанашырлықты жоғары бағалаған. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген дана халқымыз жақсылық жасауды адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі деп білген. Осындай ізгі дәстүрді жалғастырып, туған жерінің игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың болуы – қоғамымыз үшін үлкен қуаныш.

Ауылымыздың жанашыр азаматы, жеке кәсіпкер Ташимбаев Асылхан мырза игілікті істің жарқын үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына ерекше қуаныш сыйлады.

Жомарт жүректі кәсіпкердің демеушілігімен ауылымыздағы 7 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері, атап айтқанда, ұн, өсімдік майы, күріш, макарон, қант және шай үлестірілді.

Бұл қайырымдылық шарасы – тек материалдық көмек қана емес, отбасыларға көрсетілген шынайы жанашырлықтың, адамгершілік пен қамқорлықтың айқын белгісі. Әрбір игі істің артында үлкен жүрек, ізгі ниет пен азаматтық жауапкершілік жататыны сөзсіз.

Сонымен қатар Асылхан мырза жас ұрпаққа деген қамқорлығын да назардан тыс қалдырмады. Мектебіміздің барлық оқушыларына алма үлестіріліп, балаларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше қуаныш сыйланды. Балалардың жүзіндегі шаттық пен балғын күлкі – жасалған жақсылықтың ең үлкен жемісі.

Бала жүрегіне қуаныш сыйлау – болашаққа жасалған ізгі қадам. Осындай өнегелі істер арқылы өскелең ұрпақ мейірімділікке, жанашырлыққа, жомарттыққа және айналасына қамқор болуға тәрбиеленеді. Өйткені балаға берілген ең құнды тәрбие – үлкендердің өнегелі іс-әрекеті.

Ауылдың бірлігі мен берекесін арттыруда, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, көпшілікке қолдау көрсетуде осындай азаматтардың еңбегі ерекше. Туған жеріне жанашырлық танытып, ел игілігі жолында ізгі бастамаларға ұйытқы болу – нағыз азаматтықтың белгісі.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ауылымыздың абыройлы азаматы, жеке кәсіпкер Ташимбаев Асылхан мырзаның бұл игі ісі көпшілікке үлгі боларлықтай.

Осындай қайырымды ісімен көптің алғысына бөленген Асылхан мырзаға мектеп ұжымы, оқушылар және ата-аналар атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз!

Жасаған жақсылығыңыз еселеніп қайтып, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге береке, кәсібіңізге толағай табыс тілейміз! Ел игілігі жолындағы ізгі бастамаларыңыз жалғасын таба берсін!

Жақсылық жасау – жүректің ісі. Ал жүректен шыққан жақсылық әрдайым жүректерге жетеді!

Бекмырзаев С.О.
Әлеуметтік педагог
С. Ерубаев мектебі
Жетісай ауданы