Отан – әрбір адам баласы үшін ең қасиетті ұғым. Ол – кіндік қанымыз тамған туған жеріміз, өскен ортамыз, ана тіліміз бен салт-дәстүріміздің алтын бесігі. Отан тек географиялық шекарамен өлшенбейді. Ол – жүрегіміздің ең жылы, ең қымбат мекені.

Мен үшін Отан – менің Қазақстаным, алтын ұям, жарқын болашағым. Туған жерімнің әрбір тасы, сыбырлаған қамысы, жұпар иісті жусаны мен үшін ерекше қымбат. Адам баласы қай қиырда жүрсе де, оның көңіл құсы әрқашан туған жеріне қарай ұшып тұрады. Себебі туған топырақтың жылуын ешбір мекен алмастыра алмайды.

Халқымыз «Отан – оттан да ыстық» деп бекер айтпаған. Бұл мақалдың мағынасы өте терең. Өйткені Отансыз адам тамырсыз ағашпен тең. Мен өз елімнің тарихын, мәдениетін, ана тілімді мақтан тұтамын. Болашақта білім алып, елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Әрбір жас өз Отанын сүйіп, оның болашағына жауапкершілікпен қарауы керек деп ойлаймын. Өйткені еліміздің ертеңі біздің қолымызда. Біз жақсы оқып, адал еңбек етсек, Қазақстанымыз одан әрі көркейе түседі.
Мен үшін Атамекен – алтын бесігім, мәңгілік мақтанышым!

Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кенті "Н.Төреқұлов атындағы №13 ЖББМ" КММ 8"Ә" сынып оқушысы Әшір Нарқыз Алтынбекқызы Жетекшісі: Тультаева Перуза Альмахановна