Президент Жолдауы – педагог қауымына артылған сенім мен жауапкершілік
2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің болашағы, білім мен ғылымның дамуы, жас ұрпақ тәрбиесі және қоғамдағы маңызды мәселелерге тоқталды. Әсіресе, оқу-ағарту саласындағы реформалар мен мұғалімдердің қоғамдағы орнына қатысты айтылған пікірлер педагог қауымы үшін айрықша мәнге ие.
МҰҒАЛІМНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ
Президент Жолдауында әрбір өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге және оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы қажеттігін атап өтті.
Бұрын мұғалімдерді қағазбастылық шаршатса, бүгінде түрлі цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелерге есеп енгізу де қосымша уақыт пен күшті талап етіп отырғаны айтылды.
Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан мұғалімнің уақытын білім беруге, оқушының қабілетін дамытуға және кәсіби ізденіске жұмсауына мүмкіндік жасау маңызды.
ҰСТАЗДЫҢ АБЫРОЙЫ МЕН БЕДЕЛІ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Жолдауда ерекше назар аударылған маңызды мәселелердің бірі – мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау.
Президент мектептерде оқушылар тарапынан мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, тіпті күш көрсету жағдайлары кездесетінін атап өтті. Осындай жағдайларда мектеп әкімшілігінің де мұғалімге қысым көрсетуі дұрыс емес екенін нақты жеткізді.
Бұл – әрбір білім беру ұйымы терең түсінуі тиіс маңызды мәселе.
Мұғалімнің абыройын қорғау – тек мектеп әкімшілігінің ғана емес, ата-ананың, оқушының және тұтас қоғамның міндеті.
БАЛА ТӘРБИЕСІ – МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ
Президент әрбір мәселені мұқият әрі жан-жақты қарау қажеттігін айтып, отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп бірдей жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті.
Шынында да, бала тәрбиесі тек мұғалімнің мойнына жүктелетін міндет емес. Отбасындағы тәрбие мен мектептегі білім бір-бірімен тығыз байланысты.
Ата-ана баласына ұстазды құрметтеуді үйретсе, оқушы мектептегі тәртіп пен талапты сақтаса, мұғалім де өз міндетін алаңсыз әрі сапалы атқара алады.
Сондықтан мектеп пен ата-ана арасындағы өзара түсіністік пен сенім – сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізі.
ЗАМАНАУИ БІЛІМ – ЗАМАНАУИ ҰСТАЗ
Мемлекет басшысы қазіргі заманның басты күші білім мен ғылымда, озық инновациялар мен жаңа технологияларда екенін атап өтті.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дамыған кезеңде мұғалімнің де кәсіби ізденісі мен біліктілігін үздіксіз арттыруы маңызды.
Бүгінгі ұстаз – тек білім беруші емес, оқушыны ізденуге, зерттеуге, шығармашылықпен ойлауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға бағыттайтын тұлға.
ҚОРЫТЫНДЫ
Президент Жолдауында айтылған мұғалімнің артық жүктемесін азайту, абырой-беделін қорғау, сапалы білім беруіне жағдай жасау және мектеп пен отбасының ортақ жауапкершілігін күшейту мәселелері – білім саласы үшін маңызды бағыттар.
Ұстазға қойылатын талап жоғары болған сайын, оның еңбегіне деген құрмет те, кәсіби қызметіне көрсетілетін қолдау да соған сай болуы керек.
Мұғалімнің қадірі артқан жерде білімнің сапасы артады. Ұстаздың беделі қорғалған жерде ұрпақтың болашағы нығаяды.
Ұстаз – ұлттың шамшырағы, білімнің бастауы, болашақтың бағбаны.
Ұстазды құрметтеу – бір мамандық иесін құрметтеу ғана емес, елдің ертеңіне құрмет көрсету.
ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ!
ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ МӘРТЕБЕСІ!
№39 «Асықата» жалпы білім беретін мектебінің директоры
Шойбеков Бектурсун Смаилович