Мектепті басқару туралы сөз болғанда, көбіне жоспар, бұйрық, бақылау, есеп және нәтиже ұғымдары қатар айтылады. Алайда мектеп басқаруының сырт көзге көрінбейтін, бірақ ең маңызды бөлігі бар. Ол – адамдар арасындағы қарым-қатынас пен сенімге негізделген басқару мәдениеті. Мектептің даму қарқыны директордың қанша тапсырма бергенімен емес, сол тапсырмаларды орындауға ұжымның қаншалықты дайын екенімен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі директордың алдында тұрған негізгі сұрақ:
Ұжымға тағы қандай тапсырма беремін? емес, Ұжымның мүмкіндігін қалай тиімді пайдалана аламын? деген сұрақ болуы тиіс. Бұл – басқаруға деген көзқарастың өзгеруі.
Басқарудың жаңа философиясы
Қазіргі мектеп – өзгерістерге бейімделуді талап ететін күрделі әлеуметтік-педагогикалық орта. Білім мазмұны жаңарады, цифрлық технологиялар дамиды, оқушының қажеттілігі өзгереді, ата-ананың мектептен күтетін талабы артады.
Осындай жағдайда басшы барлық мәселені жеке өзі шешетін тұлға бола алмайды.
Керісінше, ол дұрыс адамдарды дұрыс бағытқа жұмылдыратын ұйымдастырушы, өзгерісті бастайтын көшбасшы және ұжымның кәсіби әлеуетін ашатын менеджер болуы қажет. Басқарудың бұрынғы үлгісінде «басшы шешеді – ұжым орындайды» деген түсінік басым болса, қазіргі мектепке «басшы бағыттайды – ұжым бірге шешім қабылдайды» деген ұстаным әлдеқайда тиімді. Бұл жерде басшының беделі төмендемейді. Керісінше, оның жауапкершілігі артады. Өйткені ұжыммен бірге қабылданған шешімнің нәтижесіне де ортақ жауапкершілік қалыптасады.
Басшының негізгі ресурсы – педагогикалық ұжым
Мектептің ең қымбат ресурсы – ғимарат та, техника да, құжат та емес Ең үлкен ресурс – адам. Әр педагогтің тәжірибесі, білімі, мінезі, қабілеті, идеясы мен кәсіби әлеуеті бар. Бір мұғалім сабақ беруде мықты болса, екіншісі жас мамандармен жұмыс істеуге бейім болуы мүмкін. Бірі зерттеу жүргізуге қызықса, енді бірі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда ерекше нәтиже көрсетеді. Басшының міндеті – осы мүмкіндіктерді байқау. Кейде басқаруда «кім не істей алады?» деген сұрақтан бұрын «кімге не тапсырсам болады?» деген көзқарас басым болып кетеді. Ал, шынайы көшбасшылықтың айырмашылығы осында. Тиімді басшы тапсырманы адамға бейімдейді, ал. тиімсіз басқару адамды тапсырмаға бейімдеуге тырысады. Сондықтан әр педагогтің күшті тұсын анықтау – басқарудың маңызды тетігі.
Сенім – басқарудың көрінбейтін күш.Ұжымдағы сенім бір күнде қалыптаспайды. Ол басшының күнделікті әрекетінен құралады. Әділдік.,уәдеге беріктік, пікірге құрмет,еңбекті бағалау,қателікті түзетуге мүмкіндік беру. Мәселені жасырмай айтуға жағдай жасау. Осының бәрі ұжымдағы психологиялық ахуалды қалыптастырады. Сенім бар жерде мұғалім өз ойын ашық айтады. Жаңа идея ұсынудан қорықпайды. Қателесуден қорықпайтын ортада даму да жылдам жүреді. Алайда сенім – талаптың төмендеуі деген сөз емес. Керісінше, сенім жауапкершілікті күшейтеді.Басшы педагогке сенім білдірсе, педагог те сол сенімді ақтауға ұмтылады. Талап қою мәдениеті. Жақсы басшы бәріне ұнайтын адам болуға міндетті емес. Бірақ ол әділ болуы міндетті. Басшының талапшылдығы адамның жеке басына емес, жұмыстың сапасына бағытталуы керек. Кемшілікті көрсету – басқарудың бір бөлігі. Бірақ кемшілікті көрсетіп қана қою жеткіліксіз. Неге орындалмады? деген сұрақпен қатар, Орындалуына не кедергі болды? Қандай қолдау қажет? Келесі жолы нәтижені қалай жақсартамыз? - деген сұрақтар да қойылуы тиіс. Осындай тәсіл бақылауды жазалау құралы емес, дамудың құралына айналдырады. Мектеп мәдениетін директор қалыптастырады. Мектептің ішкі мәдениеті ресми құжаттарда жазылмайды.Ол адамдардың күнделікті қарым-қатынасынан көрінеді.
Мұғалімдер бір-бірін қолдай ма? Жас маман өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезіне ме? Педагог өз пікірін еркін айта ала ма? Жетістіктер бағалана ма?
Қателік үшін бірден жазалау емес, түзетуге мүмкіндік беріле ме? Осының бәрі мектеп мәдениетінің көрсеткіші.Директор осы мәдениеттің негізгі қалыптастырушыларының бірі.Басшы өзі қандай қарым-қатынасты көрсетсе, ұжымда сондай қарым-қатынас біртіндеп қалыптасады.Басшының мінез-құлқы – ұжымға берілетін ең әсерлі басқару сабағы. Нәтиже тек цифр.

Мектеп жұмысының нәтижесін білім сапасы, олимпиада жетістігі, ҰБТ көрсеткіші, байқаулардағы орындар арқылы бағалау қажет.
Бірақ мектеп жетістігін тек статистикамен өлшеу жеткіліксіз.
егер мұғалім кәсіби тұрғыдан өссе;
егер жас маман өзін сенімді сезінсе;
егер оқушы мектепке қуана келсе;
егер ата-ана мектепке сенсе;
егер ұжымда өзара қолдау қалыптасса – бұл да үлкен нәтиже.
Сондықтан мектеп басшысы үшін сандық көрсеткіш пен сапалық өзгерістің арасындағы байланысты көру маңызды. Көрсеткіш – нәтиженің сандық бейнесі, ал мектеп мәдениеті – сол нәтижені қалыптастыратын орта.Директордың басты міндеті – өзінен кейін жүйе қалдыруКез келген басшының қызмет мерзімі шектеулі. Ал мектептің өмірі жалғасады. Сондықтан директордың кәсіби жетістігін оның қызмет кезінде өзі қанша мәселені шешенімен ғана бағалау дұрыс емес. Маңыздысы – ол мектепте қандай жүйе қалыптастырды? Қандай дәстүр қалдырды? Қандай кәсіби орта қалыптастырды?
Қандай мұғалімдердің өсуіне мүмкіндік берді? Қандай оқушылардың болашағына әсер етті? Нағыз көшбасшы өзіне тәуелді жүйе құрмайды. Ол өзінсіз де жұмыс істей алатын мықты ұжым қалыптастырады. Бұл – басқарудың ең жоғары деңгейі.
Қорыта айтқанда, мектепті басқару – бұйрықтар мен есептер жиынтығы емес.
Ол – адамдармен жұмыс істеу өнері, шешім қабылдау жауапкершілігі және болашақты көре білу қабілеті. Директордың қолында лауазымдық өкілеттік болуы мүмкін. Бірақ шынайы көшбасшылық өкілеттіктен емес, сенімнен қалыптасады. Сондықтан менің түсінігімдегі мектеп басшысы – барлық жұмысты өзі атқаратын адам емес. Ол – әр адамның мүмкіндігін көретін;әр педагогтің кәсіби өсуіне жағдай жасайтын, ортақ мақсатқа ұжымын жұмылдыратын, қиын сәтте жауапкершілікті өз мойнына алатын,
жетістікте ұжымның еңбегін алдыңғы орынға қоятын тұлға. Басшылықтың шынайы өлшемі – басшының қанша адамды басқарғанында емес, оның басшылығымен қанша адамның кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өскенінде. Мектептің ең үлкен жетістігі – әдемі есеп емес. Ол – адамдардың өсуі. Ал, адамдар өсетін орта қалыптастыру – мектеп басшысының ең үлкен миссиясы.

“М.Әуезов атындағы №31 жалпы білім беретін
мектеп КММ-нің директоры Айғаным Нұрғалиқызы Торыбаева