Құрметті әріптестер, оқушылар! Бүгінгі баяндамамның тақырыбы - "Республика күні - елдігімнің бастауы". Әр халықтың, әр мемлекеттің тарихында тағдырлы күндер болады. Қазақ үшін сондай ұлы күннің бірі - 25 қазан - Республика күні.
1. Тарихи тамыры
Көп адам Республика күнін Тәуелсіздік күнімен шатастырады. Оның айырмашылығы бар. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі "Мемлекеттік егемендік туралы Декларация" қабылдады. Бұл - Тәуелсіздікке апарар алғашқы заңды қадам, алғашқы кірпіш еді. Декларацияда алғаш рет: Қазақстанның өз жері, өз байлығы бар екені. Қазақ халқының өз тілі, өз діні, өз мәдениеті бар дербес ұлт екені. Болашақта өз президенті, өз шекарасы болатыны жарияланды. Яғни, 25 қазан - біз "біз мемлекет боламыз" деп бүкіл әлемге жар салған күн. Сондықтан бұл күн - елдігіміздің бастауы. Ал 16 желтоқсан 1991 жыл - сол бастаудың жемісі, Тәуелсіздіктің заңды түрде бекітілген күні.
2. Ұмытылып, қайта оралған мереке. 2009 жылы бұл мереке ұлттық мерекелер тізімінен алынып тасталды. 13 жыл бойы атап өтілмеді. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда: "Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару керек" деп ұсыныс жасады. Халық бұл ұсынысты зор қуанышпен қолдады. Содан бері 25 қазан - қайтадан ең басты ұлттық мерекеміз.
3. Республика күнінің маңызы неде?
Бұл жай ғана демалыс күні емес. Бұл - ұлттық рух күні. Бұл күні біз: Егемендік оңай келмегенін еске аламыз. Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың қадірін түсінеміз "Мен - Қазақстан азаматымын" деген мақтаныш сезімін жүрегімізде жаңғыртамыз, "Республика" деген сөздің өзі "халық билігі" дегенді білдіреді. Демек, Республика күні - халық күні.
Қорытынды: Қадірлі оқушылар! Ел болу - жұрт болудан бөлек. Елдікті сақтау - әрқайсымыздың борышымыз. Ол үшін жақсы оқу, ана тілін құрметтеу, тарихты білу, адал еңбек ету керек. Республика күні құтты болсын! Егемендігіміз мәңгі, көк туымыз биік болсын! Назарларыңызға рақмет!
Ермахамбетова Базаргуль Онгалбаевна
«Ә. Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектеп»
КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі
Жетісай ауданы