№25 мектептің мақтанышы – Тоғанбай Қауымбаев батырдың немересі

Егемен еліміздің ең ұлық мерекесі – 25 Қазан Республика күні қарсаңында аудан орталығында өткен мерекелік көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Сол көрмеде жүздеген жұмыстың ішінен бір туынды ерекше жарқырап, аудан басшылығының да, көрерменнің де көз жауын алды.

Ол туындының авторы – қарапайым ғана емес, тектіліктің, өнер мен ерліктің сабақтастығын дәлелдеген жас дарын, №25 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Қаумбаева Еркежан.

Еркежанның қылқаламынан туған дүние – сурет емес, тірі тарих! Қағаз бетіне жан бітіргендей, айнытпай салынған бейнелерге қараған әр жан тамсанып қалды. Оның бұл еңбегі республикалық байқауда жүлде алып, өнер сүйер қауымның жоғары бағасына ие болған.

Көрмені аралап жүрген аудан әкімі осы туындыға ерекше назар аударды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Шыңғыс Тлеуқабылов еңбектің авторы мен оның тағылымды тарихын таныстырып өтті.

“Бұл – жай сурет емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығы! Бұл қыз – Днепрді кеудесімен жүзіп өтіп, жаудан Отанын қорғаған аңыз батыр, атамыз Тоғанбай Қаумбаевтың немересі!” – деді әдіскер тебірене.

Иә, Еркежанның бойындағы өнер – әкесі, №25 мектептің көркем еңбек пәнінің ұлағатты ұстазы Қаумбаев Мұраттың берген тәрбиесі мен қанына сіңген батыр атасының рухы. Атасы жаудан елін қорғаса, немересі өнерімен елін танытып келеді. Міне, нағыз патриоттық тәрбие!

Қаумбаевтар отбасы – өнерлі отбасы ғана емес, өнегелі отбасы. Әкесі – ұстаз, қызы – республикаға танылған жас суретші, ал артында – ел тарихында аты алтын әріппен жазылған батыр ата.

Республика күні – осындай текті ұрпақ барда, еліміздің ертеңі жарқын, өнері өркенді болмақ!

Қаумбаева Еркежандай шәкірт тәрбиелеген №25 мектеп ұжымына, Мұрат ұстаздың отбасына алғысымыз шексіз! Шығармашылықтарыңыз Республикамызбен бірге өрлей берсін!

Алимова Сауле