25 қазан – еліміздің егемендігін айқындаған, Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі болған – Республика күні. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақстанның Егемендік туралы Декларациясы қабылданып, дербес мемлекет болуға алғашқы нық қадамымыз жасалды. Бұл – әрбір қазақстандық үшін орны бөлек, ең қастерлі мереке.
Мен – қарапайым мектеп ұстазымын. Күнделікті сыныпқа кіріп, алдымда көздері жалындап отырған шәкірттеріме қарағанда, осы бейбіт күннің, ашық аспанның қадірін тереңірек түсінемін. Біз, мұғалімдер, тек пәнді ғана үйретпейміз, біз – Отанды сүюді, ел тарихын қадірлеуді санаға құямыз. Осы орайда, Республика күні – өскелең ұрпаққа егемендіктің қадірін түсіндіру үшін өте маңызды күн.
Ұстаз ретінде менің басты мақсатым – осы бейбіт елдің иесі болатын, білімді, саналы, ұлтжанды азаматтар тәрбиелеу. Өйткені мемлекеттің мықтылығы – оның қағаздағы заңдарында ғана емес, сол елдің сауатты, отансүйгіш жастарында.
Республика күні қарсаңында барша әріптестеріме, ата-аналарға және еліміздің әрбір тұрғынына амандық, шаңырақтарына құт-береке тілеймін! Тұғырлы еліміздің туы әрдайым биіктен желбіреп, егемендігіміз мәңгілік болсын! Әрбір қазақ баласы бақытты, бейбіт елде ер жетсін!
Басжанова Айгул Сейсенбаевна
“Ә. Молдағұлова атындағы /34 жалпы білім беретін мектеп” КММ
Ұстаз