Бастауыш сынып – баланың білім әлеміне жасаған алғашқы қадамы. Бұл кезеңде оқушының бойында білімге деген қызығушылық, ізденімпаздық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттер қалыптасады. Ал осы жолда бағыт-бағдар беріп, баланың жүрегіне білім шырағын жағатын жан – бастауыш сынып мұғалімі.
Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілікті, мейірімділік пен төзімділікті талап ететін ерекше қызмет. Әр баланың жүрегіне жол табу, оның қабілетін ашу, өзіне деген сенімін арттыру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің рөлі ерекше. Өйткені заман талабына сай білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл әрі ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдерді қолдану, ойын арқылы оқыту, топтық жұмыстар ұйымдастыру және әр баланың жеке қабілетін ескеру маңызды.
«Ұстаздың ұлы мақсаты – шәкіртінің жүрегіне білім мен ізгіліктің дәнін себу» деген ұстаным әрбір педагогтің кәсіби жолына бағдар болуы тиіс.
Бастауыш сынып мұғалімі үшін әрбір оқушының жетістігі – үлкен қуаныш. Баланың алғаш әріп танып, буындап оқуы, өз ойын еркін жеткізуі, есеп шығарып, жаңа дүниені тануға ұмтылуы – ұстаз еңбегінің жемісі. Кейде кішкентай ғана жетістіктің өзі баланың болашағына үлкен жол ашады.
Сонымен қатар, оқушы тәрбиесінде ата-анамен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Мектеп пен отбасы бірлесе әрекет еткенде ғана баланың бойында жақсы қасиеттер қалыптасып, білім алуға деген ынтасы артады.
Мен үшін бастауыш сынып мұғалімі болу – балалардың алғашқы жетістіктеріне куә болып, олардың арманына қанат бітіру. Әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға үлес қосу – менің кәсіби мақсатым.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Ал сол болашақтың берік іргетасын қалауда бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі өлшеусіз. Ұстаздың әрбір сабағы, әрбір жылы сөзі мен шынайы қолдауы баланың өмір жолында із қалдырады.
Ендеше, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың жарқын болашағына бірге жол ашайық!
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы».
Білім жолындағы әрбір қадамымыз сәтті, еңбегіміз жемісті болсын!
Автор: Бастауыш сынып жетекшісі
Шаулиева Гулжамал Қалжанқызы