Қазіргі таңда балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың бір түрі – буллинг мәселесі қоғамның өзекті проблемасына айналып отыр. Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдары» және «ДосболLIKE» бағдарламасы аясында әрбір білім беру ұйымында буллингке қарсы жүйелі жұмыс жүргізу міндеттелді. Осы бағытта әлеуметтік педагогтың рөлі ерекше.
Негізгі бөлім
Буллинг – бір баланы екінші баланың немесе топтың жүйелі түрде психологиялық, физикалық, әлеуметтік тұрғыда қысым көрсетуі. Ал кибербуллинг – әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы қорлау, жеке мәліметтерді тарату, фейк парақша ашу.Біздің мектепте жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша оқушылардың 70%-ы буллинг деген не екенін біледі, бірақ қайда жүгіну керектігін білмейді. Сондықтан әлеуметтік педагог ретінде төмендегідей жүйе қалыптастырылды:Әлеуметтік педагогтың буллингтің алдын алу алгоритмі:
1. Ерте анықтау. Сынып жетекшілермен бірлесіп, әлеуметтік сауалнама, бақылау, "Жасырын хат жәшігі", сенім телефоны арқылы анықтау.
2. Тіркеу және әңгімелесу. Әрбір жағдай міндетті түрде тіркеледі. Жәбірленушімен жеке, құпия, қолдау көрсету мақсатында әңгіме жүргізіледі. "Сені кінәламаймын, саған көмектесемін" қағидасы сақталады.
3. Комиссиялық қарау. Мектепішілік «Буллингке қарсы кеңес» (директор, психолог, әлеуметтік педагог, инспектор, ата-ана) жиналып, жағдай талқыланады.
4. Қысым көрсетушімен жұмыс. Жазалау емес, түзету мақсатында. Себебін анықтау, эмпатияға үйрету, қоғамдық жұмыстарға тарту.
5. Ата-анамен жұмыс. Екі жақтың да ата-анасымен түсіндірме жұмысы, жауапкершілігі туралы хат, қажет жағдайда ювеналды полицияны тарту.
6. Сыныптағы ахуалды қалпына келтіру. Сынып сағаты: "Біз біргеміз", "Сөз - қару", тренингтер, татуласу медиациясы.
7. Бақылау. Жәбірленуші 3 ай бойы әлеуметтік педагогтың бақылауында болады.Тәжірибемізде тиімді болған әдістер:"ДосболLIKE" челленджі"Анонимді сауалнама QR коды арқылы""Мейірімділік поштасы" акциясыАта-аналарға арналған жадынама "Балаңыз буллинг құрбаны болса не істеу керек?"
Қорытынды
Буллингтің алдын алу – бір реттік акция емес, күнделікті жүйелі жұмыс. Әлеуметтік педагог бұл жұмыста дәнекер, қорғаушы және сенімді тұлға болуы керек. Біз жазалауды емес, тәрбиелеуді, түсіндіруді мақсат еткенде ғана қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыра аламыз. Қауіпсіз бала – бақытты болашақ кепілі.
Автор: Тойлиева Бағила Асылбекқызы
Жетісай ауданы білім бөлімінің «Ә.Молдағұлова атындағы №34 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік педагогы
Ұстаз