«Ұстаздық еткен жалықпас,Үйретуден балаға».
Ұстаздық жолды таңдаған сәтімді ойласам, алдымда бір ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік тұрғанын түсінемін. Себебі педагог – баланың бүгінгі біліміне ғана емес, ертеңгі өміріне де әсер ететін тұлға.
Мен үшін педагог болу – диплом алып, сабақ берумен шектелмейді. Бұл – әр баланың жүрегіне жол табу, оның бойындағы мүмкіндікті көре білу, өзіне деген сенімін ояту және білімге деген қызығушылығын қалыптастыру.
Мұғалімдік жолға алғаш қадам басқан кезім әлі күнге дейін жадымда. Алғашқы сабақ, алғашқы оқушы, алғашқы жауапкершілік...
Сынып алдына шыққан кезде мен бір нәрсені анық түсіндім: енді менің әрбір сөзім мен әрбір әрекетім оқушыға әсер етеді. Сондықтан мұғалім болу – үнемі өзіңді тәрбиелеуден басталады. Алғашқы жылдары мен үшін әр сабақ – үлкен тәжірибе болды. Кейде жоспарлаған сабағым ойдағыдай өтсе, кейде керісінше, өзім күтпеген жағдайлар кездесетін. Бірақ әрбір қиындық мені шыңдады.
Мен өзіме үнемі:
«Бүгінгі сабағым оқушыға не берді?» -деген сұрақ қоя бастадым.
Осы сұрақ менің кәсіби ұстанымымның негізіне айналды.
Мен үшін әр оқушы – жеке тұлға!
Ұстаздық жолда түсінген ең маңызды ақиқатым – барлық бала бірдей емес.
Бір оқушы есепті тез шығарады, бірақ өз ойын айтуға қиналуы мүмкін. Екіншісі есепті баяу шығарғанымен, ерекше ойлау қабілетімен таңғалдырады. Үшіншісі шығармашылыққа жақын болады.
Сондықтан мен үшін «үлгерімі төмен оқушы» деген түсініктен гөрі, «әлі өзінің мүмкіндігін толық аша алмаған оқушы» деген ұстаным жақын.
Әр баланың бойынан кішкентай болса да бір қабілет іздеуге тырысамын.
Кейде мұғалім үшін өте қарапайым болып көрінетін «Жарайсың!», «Сенің қолыңнан келеді!», «Тағы бір рет байқап көр!» деген сөздер оқушы үшін үлкен қолдау болуы мүмкін.
Меніңше, ұстаздың міндеті – баланың қатесін көрсету ғана емес, сол қатеден кейін қайта тұрып, әрекет етуге үйрету.
Математика – тек есеп емес.Математика пәнінің мұғалімі ретінде менің басты мақсатым – оқушыға формула мен ережені жаттатумен шектелмей, математиканың өмірмен байланысын көрсету.
Математика – ойлау мәдениеті. Ол адамды дәлдікке, жүйелілікке, сабырлылыққа және шешім қабылдауға үйретеді.
Пифагор теоремасын оқығанда оның көпір, баспалдақ, құрылыс сияқты күнделікті өмірдегі қолданысын қарастыру; математикалық заңдылықтарды зерттеу; шағын жобалар жасау – оқушыға «математика өмірден бөлек емес» екенін түсіндіреді.
Осындай сәттерде баланың көзінен қызығушылықты көру – мен үшін үлкен қуаныш.
Уақыт өзгерген сайын оқушы да өзгереді. Сондықтан мұғалім де үнемі ізденуі қажет деп ойлаймын.
Мен өз тәжірибемде заманауи оқыту әдістерін, цифрлық ресурстарды, зерттеу жұмыстарын және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға көңіл бөлемін.
Ұстаздың шеберлігі – жаңа технологияны қолдануында ғана емес, оны оқушының пайдасына жарата білуінде.
Кейде бүгін түсінбеген оқушы ертең өздігінен есеп шығарып келеді. Кейде сабақта үндемей отырған бала уақыт өте келе өз ойын еркін жеткізе бастайды. Кейде бұрын математикадан қорқатын оқушы олимпиадаға, ғылыми жобаға қатысуға ниет білдіреді.Осындай сәттерде ұстаз еңбегінің мәнін терең сезінесің.Мен үшін оқушының үлкен жетістігі ғана емес, оның кішкентай жеңісі де маңызды.
Мен үшін кәсіби даму – марапат алу үшін емес, оқушыға сапалы білім беру үшін қажет.
Сондықтан менің ұстаздық жолымдағы ең басты мақсатым – атаққа жету емес, шәкірт жүрегінен орын алатын ұстаз болу.
Өйткені жылдар өтеді, сабақтар ұмытылады, формулалар да естен шығуы мүмкін. Бірақ ұстаздың балаға берген сенімі, айтқан жылы сөзі, көрсеткен жолы оның жүрегінде ұзақ сақталады.
Педагог болу – жүрек таңдауы.
Рахматулоева Ақбибі Сапарқұлқызы
Ұстаз