Отанды сүю – туған жерді құрметтеуден, елін қадірлеуден және оның болашағына сеніммен қараудан басталады. Әрбір адам үшін туған елі мен жері қымбат. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан! Кең байтақ даласы, әсем табиғаты, бай тарихы мен ұлттық құндылықтары бар елімізді мақтан тұту – әрбір азаматтың парызы.
Ұстаз ретінде мен үшін өскелең ұрпаққа Отанды сүюді, елін құрметтеуді және туған жерін бағалауды үйрету өте маңызды. Себебі бүгінгі оқушы – ертеңгі ел болашағы. Балалардың бойына адамгершілік, жауапкершілік, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда білім мен тәрбиенің орны ерекше.
Осы мақсатта ұйымдастырылатын «Менің Қазақстаным» челленджінің маңызы зор. Бұл бастама арқылы оқушылар туған елінің тарихымен танысып, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуді, ұлттық дәстүрлерімізді бағалауды үйренеді. Сонымен қатар Қазақстанның көрікті жерлерін таныстырып, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін білдіре алады.
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанды. Бүгінде көк байрағымыз көкте желбіреп, еліміз дамып келеді. Тәуелсіздігімізді бағалау, бейбітшілікті сақтау және еліміздің өркендеуіне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.
Ұстаздың басты міндеттерінің бірі – оқушыға тек білім беріп қана қоймай, оны жақсы адам, саналы азамат етіп тәрбиелеу. Оқушы өз елінің тарихын біліп, ана тілін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі керек. Өйткені туған жерін сүйетін, еліне жанашырлықпен қарайтын ұрпақ – мемлекетіміздің жарқын болашағы.
Отанға деген сүйіспеншілік үлкен істерден ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден де көрінеді. Мектепті таза ұстау, табиғатты қорғау, үлкендерді сыйлау, достарына көмектесу, сабақты жақсы оқу – мұның бәрі тәрбиелі әрі жауапты азамат болудың алғашқы қадамдары.
«Менің Қазақстаным» челленджі оқушыларға өз ойын білдіруге, шығармашылық қабілетін дамытуға және туған елі туралы білімін толықтыруға мүмкіндік береді. Осындай тәрбиелік іс-шаралар арқылы балалардың бойында ұлттық мақтаныш, елге деген құрмет пен жауапкершілік сезімі қалыптасады.
Мен ұстаз ретінде әрбір шәкірттерімнің өз елін сүйетін, білімді, тәрбиелі, адал әрі еңбекқор азамат болып өскенін қалаймын. Себебі еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз.
Қорытындылай келе, «Менің Қазақстаным» челленджі – оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелейтін, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын игі бастама. Осындай шаралар арқылы біз жас ұрпақтың жүрегіне Отанға деген құрметті ұялатып, елін мақтан тұтатын азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз.
Менің Қазақстаным – менің мақтанышым! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, болашағы жарқын болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Ұстаз