Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын бір мекен болады. Ол – туған жері, өскен ортасы, балалық шағының ізі қалған қасиетті топырақ.
Менің балалық шағым Тәжікстанда өтті. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін, мақал-мәтелдерін бойыма сіңіріп өстім. 1982 жылы отбасымызбен Қазақстанға қоныс аудардық. Содан бері тағдырым Қазақстанмен біте қайнасып келеді.
Осы елде еңбек жолымды бастадым, отбасын құрдым. Ұстаз болдым, мектеп басшысы қызметін атқардым. Ғұмырымның талай жылын жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне арнадым. Бүгінде де білім саласында еңбек етіп, ел болашағы үшін қызмет етуді азаматтық парызым деп білемін.
Отан дегеніміз – картадағы шекара ғана емес. Отан – отбасыңның амандығы, балаңның күлкісі, немереңнің шаттығы, маңдай теріңді төккен еңбегіңнің нәтижесі. Отан – сенің тіліңді, тарихыңды, болмысыңды сақтауға мүмкіндік беретін ортақ шаңырағың.
Қазақстанның мен үшін қадірі осында.
Бүгінгі еліміздің басты байлығы – оның тәуелсіздігі, бейбітшілігі мен бірлігі. Әртүрлі ұлт өкілдері бір елдің азаматтары ретінде ортақ болашаққа ұмтылып келеді. Бізді біріктіретін күш те – осы ортақ Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік.
Ұстаз ретінде мен Отанды сүюдің ең маңызды жолдарының бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу деп есептеймін. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі мектеп партасында отырған балалардың қолында. Оларға сапалы білім беріп қана қоймай, елін құрметтейтін, тарихын білетін, тіліне жанашыр, еңбекті бағалайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек.
Тәуелсіз елдің болашағы – ұрпақтың жүрегіне егілген отансүйгіштік сезімнен басталады.
25 қазан – Республика күні қарсаңында барша отандастарыма бейбіт өмір, береке-бірлік, отбасыларына амандық тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстанымыз өркендеп, көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Ұрпағымыз тәуелсіздіктің қадірін біліп, егемен еліміздің абыройын асқақтата берсін!
Менің Қазақстаным – менің тағдырым, менің мақтанышым, ұрпағыма қалдырар ең қымбат мұрам! 🇰🇿
Осы игі бастаманы қолдай отырып, баршаңызды «Менің Қазақстаным» челленджіне қатысуға шақырамын!