Химия – қоршаған ортаның құпиясын ашатын, табиғаттың таңғажайып құбылыстарын түсіндіретін ғылым. Оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыру, зерттеушілік қабілеттерін дамыту және теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында мектепте «Жас химик» үйірмесінің жұмысы жүргізіледі.
№39 «Асықата» жалпы білім беретін мектеп КММ-де ұйымдастырылған «Жас химик» үйірмесі оқушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтуге, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіруге және химиялық құбылыстарды күнделікті өмірмен байланыстыра білуіне мүмкіндік береді.
Үйірме сабақтарында оқушылар химияның негізгі ұғымдарын меңгеріп қана қоймай, заттардың қасиеттері, олардың құрамы мен өзгерістері туралы білімдерін тереңдетеді. Түрлі танымдық тапсырмалар орындап, тәжірибелік жұмыстар арқылы бақылау жүргізуге, нәтижелерді салыстыруға және қорытынды жасауға үйренеді.
Сабақ барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау, зертханалық құралдарды дұрыс пайдалану, химиялық заттармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар оқушылар қоршаған ортаны қорғау, судың тазалығы, ауаның ластануы, тұрмыстық химияны қауіпсіз қолдану сияқты маңызды мәселелер бойынша білімдерін толықтырады.
«Жас химик» үйірмесі оқушылардың ізденімпаздығын арттырып, өз бетімен білім алуға, шығармашылықпен жұмыс істеуге және ғылыми зерттеуге деген қызығушылығын қалыптастырады. Әрбір тәжірибе – оқушы үшін жаңалық ашуға жасалған қадам, ал әрбір зерттеу – болашақ мамандыққа бастайтын мүмкіндік.
Үйірменің басты мақсаты – химия пәнін терең меңгерген, табиғат құбылыстарына ғылыми көзқараспен қарайтын, білімді, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ тәрбиелеу.
Химияны тану – табиғатты тану. Ал табиғатты тану – болашаққа бастар жол!
Үйірме жетекшісі: Серікбаева Фариза
№39 «Асықата» жалпы білім беретін мектеп КММ