Мектептегі әр сабақтың, әр бағаның, әр тапсырманың артында мұғалімнің еңбегі тұр. Ал сол мәліметтердің электронды журналда уақтылы әрі дұрыс көрсетілуін қадағалау-директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасарының күнделікті міндеттерінің бірі. «BilimClass» электронды журналымен байланысты бұл жұмыс ұқыптылықты, жүйелілікті және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір қарағанда, электронды журналды бақылау сабақ тақырыбының жазылуын, бағаның қойылуын немесе үй тапсырмасының берілуін тексерумен ғана шектелетіндей көрінеді.
Алайда оның астарында оқу үдерісін ұйымдастыру, мәліметтердің дұрыстығын салыстыру, туындаған сұрақтарды шешу және мұғалімдерге қолдау көрсету сияқты сан алуан жұмыс жатыр. Толтырылмаған әр жолға назар аударып, оның себебін анықтап, дер кезінде түзетілуіне ықпал ету қажет. Оқу ісі жөніндегі орынбасар үшін журналдағы көрсеткіштер - күнделікті жұмыстың бір белгісі. Дегенмен басты мақсат тек пайызды көтеру емес. Ең маңыздысы - енгізілген мәліметтердің нақты өткен сабаққа, орындалған тапсырмаға және оқушының оқу жетістігіне сәйкес болуы. Өйткені дұрыс жүргізілген журнал мұғалімнің жұмысын жүйелеуге, ата-ананың баласының оқуынан хабардар болуына және мектепішілік бақылауды ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл қызметтің адамдармен қарым-қатынасқа байланысты қыры да ерекше. Бір мұғалімге уақытылы ескерту қажет болса, екіншісіне түсіндіру, үшіншісіне техникалық мәселенің шешімін табуға көмектесу керек болады. Осындай сәттерде талап қоя білу мен түсіністік танытудың тепе-теңдігін сақтау маңызды. Әр ескертудің мақсатын түсіндіріп, мәселені бірлесе шешу ұжымдағы сенімді нығайтады. Кейде жұмыс уақыты аяқталғанымен, журналға қатысты сауалдар мен тексерілетін мәліметтер таусылмайды. «Сабақ тақырыбын енгізуді ұмытпаңыз», «Үй тапсырмасын тексеріп жіберіңіз», «Қате қойылған бағаны нақтылаңыз» деген қысқа хабарламалардың өзінде ортақ іске деген жанашырлық бар. Көпшілікке байқала бермейтін осы еңбектің нәтижесінде мектептің күнделікті оқу ақпараты реттеледі.
Сонымен бірге электронды журналды сапалы жүргізу-бүкіл педагогикалық ұжымның ортақ жауапкершілігі. Мұғалім мәліметтерді уақтылы әрі дұрыс енгізсе, орынбасар бақылау нәтижесінде анықталған мәселелерді талдап, жұмысты жақсартуға бағыт береді. Осындай өзара түсіністік қалыптасқан жерде тексеруге жұмсалатын уақыт азайып, әдістемелік қолдауға көбірек мүмкіндік туады. «BilimClass» электронды журналына жауапты директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасарының еңбегі әрдайым көзге түсе бермеуі мүмкін. Бірақ оның мұқияттылығы, табандылығы мен әріптестеріне көрсетер қолдауы мектеп жұмысындағы тәртіп пен бірізділікті сақтауға ықпал етеді. Электронды журналдың әр толтырылған жолының артында ұстаздың еңбегімен бірге сол еңбектің дұрыс көрінуіне жауап беретін жанның да күнделікті ізденісі бар.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ, АСЫҚАТА КЕНТІ
САДЫКБЕКОВА АЙГЕРИМ ДАРХАНОВНА
ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУ ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
«№11 «Жеңіс» мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
