Бұрын ата-аналар "балам бюджетке түссе болғаны" десе, қазір "баламның мамандығын ертең жасанды интеллект алмастырып кетпей ме?" деп қорқады. Қорқыныш бекер емес. McKinsey зерттеуі бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыстың 30%-ын автоматтандыруға болады. Бірақ бұл "барлық мамандық жойылады" деген сөз емес. Бұл "мамандық таңдау ережесі өзгерді" деген сөз.
1. ИИ кімді бірінші "жейді"?
ИИ бір күнде қайталанатын, шаблонды жұмысты жақсы істейді. Егер сенің жұмысыңды нақты ережемен түсіндіріп беруге болса, оны робот үйреніп алады.
Қауіпті аймақта кімдер бар?
- Қарапайым аудармашылар, копирайтерлер
- Бастапқы деңгейдегі дизайнерлер, SMM-шілер
- Кассир, оператор, диспетчер
- Қарапайым бухгалтерлік есеп
Бұл мамандықтар мүлдем жойылып кетпейді, бірақ ондағы адам саны 10 есе азаяды. Бір адам ИИ-дің көмегімен он адамның жұмысын істейтін болады.
2. ИИ ешқашан алмастыра алмайтын 3 нәрсе
Жойылмайтын мамандықтарды тапқың келсе, мына 3 қабілетке қара:
а) Адам - адамға эмпатия. Робот жанашыр бола алмайды. Сондықтан психолог, арнайы педагог, балалар дәрігері, жақсы ұстаз әрқашан керек. Адам өзінің қайғысын, қуанышын адамға айтқысы келеді.
ә) Күрделі жауапкершілік. ИИ кеңес береді, бірақ жауапкершілікті алмайды. Үйдің жобасына қол қоятын, науқастың өміріне жауап беретін, зауытты басқаратын адам керек. Бұл - инженер, дәрігер, басқарушы.
б) Шынайы шығармашылық. ИИ бұрынғыны араластырып жаңа сурет жасайды. Ал мүлдем жаңа идея, жаңа мағына ойлап табу - әлі де адамның ісі.
3. 2026-2030 жылдары Қазақстанда тұрақты болатын ТОП-5 бағыт
Болашақ мамандық - бұл бір ғана атау емес, екі саланың қосындысы.
1. ИИ-ді басқаратын адам. Промпт-инженер, дата-аналитик, ИИ-оператор. ИИ-мен жарыспа, оны мініп ал. Кез келген саланың маманы + ИИ құралдарын жетік білсе, ол баға жетпес кадр.
2. Киберқауіпсіздік және IT-медицина. Цифрландыру артқан сайын, оны қорғайтын және адам денсаулығын цифрмен байланыстыратын маман сұранысы артады.
3. Жаңа дәуірдің ұстазы. Назарбаев Зияткерлік мектептері көрсетіп отырғандай, бізге пән жаттататын емес, балаға бағыт беретін, кәсіптік бағдар беретін тьютор, профориентолог керек.
4. Эко-инженер, энергетик. Жасыл энергетика, су үнемдеу, қалдықсыз өндіріс - бұл Қазақстанның 2060-ға дейінгі мемлекеттік стратегиясы. Мұнда кадр тапшы.
5. Адам капиталымен жұмыс. HR емес, адамның әлеуетін ашатын коуч, корпоративтік психолог, кадрды қайта оқытатын маман.Сонымен, 9-11 сынып оқушысы не істеу керек?
Ескі ереже: "Мамандық таңда".
Жаңа ереже: "Дағдылар жиынтығын таңда".
Бір сұрақ қойып көр:
"Мен ИИ-ге не үйрете алмаймын?"
Егер сенің жауабың "адамдармен сөйлесу, жұбату, күрделі мәселені шешу, жаңа идея ойлап табу" болса - сен дұрыс жолдасың.Диплом 4 жылда ескіреді. Ал эмпатия, сыни ойлау, жауапкершілік және ИИ-мен жұмыс істей білу - ешқашан ескірмейді.
Мамандық таңдау - өмірлік үкім емес. Бұл - қай бағытта дамитыныңды таңдау. Ал дамуды бүгіннен бастауға болады.
Нұржан Гүлназ Мұхтарқызы
Ә.Молдағұлова атындағы №34 ЖББМ КММ -нің
Кәсіптік бағдар беру педагогы
Ұстаз